Денсаулық

Облыста 16 адам пневмониядан қайтыс болды

Ақтөбеде пневмониямен ауырғандар саны күрт көбейіп кеткен. Жексенбі күні қайтыс болғандар саны 16 адамға жетті. Бұл туралы бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен онлайн-брифинг барысында айтылды.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржауған Қалауов өңірдегі эпидемиологиялық жағдайға тоқталды. 21 маусым күнгі мәлімет бойынша, облыста коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны 610 адамға жеткен. Олардың 314-і жазылып шықса, қалғандары ем алып жатыр.
— Соңғы кездегі жағдайды барлығыңыз көріп отырсыздар. Вирус жұқтырғандар саны артып отыр. Кеше бір күнде 20 адам тіркелді. Бұған карантиннен кейінгі босаңсыту шаралары себеп болып отыр. Қазір теміржол, әуе байланыстарымен қатар автобустар да өз жұмыстарын бастады. Сондай-ақ науқаспен қарым-қатынаста болған азаматтарға жоспарлы скринингтік тексеріс жүргізіліп жатыр. Солардан алынған анализ нәтижесінде де індет анықталып жатыр. Санитарлық талаптардың орындалмауы да жағдайды ушықтырып тұр. Өкінішке қарай, тұрғындар тарапынан немқұрайлылық бар. Ақтөбе қаласында және 8-9 маусымнан бастап Шалқар, Мұғалжар аудандарында күшейтілген шектеу шаралары қолға алынды. Қалған аудандардың барлығы бақылауда, — деген облыс әкімінің бірінші орынбасары COVID-19 жұқтырған науқастарды қабылдау үшін 1536 орын белгіленгенін, ал қазіргі таңда аталған орындардың 44 пайызында ғана науқастар жатқанын айтты.
— Коронавирус жұқтырған науқастарды емдеуде орын жетіспеушілігі жоқ. Бірақ емханалардағы орындарға қатысты әлеуметтік желілерде көптеген сұрақтар туындап жатыр. Соңғы апталарда облыста пневмониямен ауырғандар саны өсіп отыр. Бүгінгі таңда 360 адам пневмониядан емделіп жатыр. Пневмонияға шалдыққан азаматтарды емдеу үшін Ақтөбе медициналық орталығынан, Қарғалы ауруханасынан және Теміржол ауруханасынан орын берілді. Сол жерлерде қабылдап жатыр. Тұрғындар, әрине, ауруханаға өздерінің тұрғылықты мекенжайы бойынша барғысы келеді. Сол себепті Теміржол ауруханасында адам белгіленген орыннан асып кетіп, қабылдамай қойғаны туралы үлкен әңгіме болып жатыр. Бұл мәселе бойынша тиісті шаралар қолданылды, — деген Нұржауған Қалауов дәрігерлерге де түсіністікпен қарау керектігін айтты.
Осындай күрделі кезде облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының жұмыстан кетуіне не себеп? Тұрғындар арасында жиі қойылатын сұрақтың бірі – осы.
– Бұған дейін облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының қызметін атқарып келген Әсет Қалиев 19 маусым күні өз арызымен жұмыстан кетті. Оның кету себебі – ол кісі бұл қызметте 3 жыл, 3 жылдан 6 жыл отырған. Ал «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңның талабына сәйкес, үшінші рет орнында қалуға болмайды. Ол бұндай жағдайда өзінің қызметіне сәйкес келетін қызметке ауысуы немесе қызметінен кетуі керек болатын. Денсаулық сақтау саласында ондай қосымша ротация жасайтын орын болмағаннан кейін, ол қызметінен кетті. 22 маусым күні осы қызметке конкурс жарияланады. Үміткерлер сұраныс бергеннен кейін, заңды талаптарға сәйкес, алдағы апталарда жаңа басшы тағайындалады, — деді.
Облыстың бас дәрігерінің міндетін атқарушы Светлана Есенаманованың айтуынша, өткен аптаның дүйсенбісінен бастап пневмонияға шалдыққан науқастар саны күрт артқан. Ал жексенбі күнгі мәлімет бойынша аталған аурудан 16 адам қайтыс болыпты.
— Аптаның басында бір күннің ішінде пневмониямен ауырған 30-40 адам түсе бастаған кезде Теміржол ауруханасынан 300 орын ашылып, ашылған күні бірден 100 адам жатқызылды. Сондай-ақ Ақтөбе медициналық орталығында да науқастар жатыр. Алғашында пневмонияға шалдыққан 130 адам жүгініп, олардың 100-і ауруханаға жатқызылған болса, кеше 91 адамның 67-сі емханаларға орналастырылды. Ауру осы аптада өзінің шарықтау шегіне жетті, алдағы апталарда бәсеңдейді деген үміттеміз.
Өкінішке қарай, пневмонияның бұл түрі өте тез асқынып кетеді. Екі күннің ішінде өкпені зақымдайды. Кей жағдайда өкпені жасанды желдету аппараты да көмектеспейді, — деген Светлана Есенаманова бүгінгі таңда облыстағы барлық емханаларда диагностикалық бөлімшелер мен күндізгі стационарлар жұмыс жасап тұрғанын айтты.
Тікелей эфирде өткен баспасөз мәслихаты барысында жедел жәрдем қызметінің жұмысына шағым айтқан азаматтар да болды.
— Өткен тәулікте жедел жәрдемге 2274 адам хабарласып, көмек сұраған. Бір мезгілде бір арнаға бірнеше адам қоңырау шалған соң, әрине, біздің қызметкерлермен тілдесе алмауы мүмкін. Бүгінгі таңда «Жедел жәрдемде» 27 көлік қызмет жасап тұр, сондай-ақ емханалардың да өз алдына көліктері бар. Олар күндіз-түні бір тынбайды.
Халық арасында қорқыныш пайда болды. Алдымен учаскелік дәрігерімен тілдесудің орнына бірден 103-ке қоңырау шалады. Халықтың сабырлы болуын сұраймыз, — деген облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Светлана Есенаманова қазіргі жағдайдың кадр тапшылығын көрсетіп жатқанын да айтты. Ал ауруханалардағы орын жеткілікті.
— Бізде коронавирус жұқтырған дәрігерлер туралы мәлімет бар. Олардың саны — 57. Ал қанша медицина қызметкерінің пневмониямен ауырып жатқандығы туралы мәлімет жоқ. Бірақ №2 емхананың 60 пайызы, жедел жәрдем қызметкерлерінің 30 пайызы еңбекке жарамсыздық туралы қағазын аштырған. Сондай-ақ аудандарда да ауырғандар бар, — деген Светлана Есенаманова тұрғындардан әлеуметтік желілерде жүрген дәрілер тізімімен өз бетінше ем жасамауын сұрады. Тек дәрігер нұсқауымен ғана ем қабылдау керектігін айтты.
Ал бүгінгі таңда халықаралық бағыттағы рейстердің ашылып жатқандығын айтқан облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаева облыс тұрғындарынан жағдай тұрақталғанша елден жыраққа шықпауларын сұрады. Сондай-ақ сақтық шараларын барынша сақтап, қызметтерін жалғастырып жатқан мекемелердің бұл жағдайға жауапкершілікпен қарауы керектігін айтты.
Облыстың бас санитар дәрігерінің айтуынша, коронавирус инфекциясына шалдықпаған, пневмониядан қайтыс болған азаматтардың жерлеу рәсімі қалыпты жағдайда жүзеге асырылады.
Халық арасында, әлеуметтік желілерде «15 маусымнан, 20 маусымнан бастап қайтадан блок-бекеттер қойылады екен» деген әңгімеге Нұржауған Қалауов:
— Егер сақтық шаралары сақталмай, аурушаңдық деңгейі өсе берсе, ол жағдайға кез келген уақытта жетуіміз мүмкін. Сондықтан бәріңізден талап пен тәртіпті сақтауды сұраймыз, — деп жауап берді.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button